Астанада қосымша 59 сайлау учаскесі ашылды

Тұрғылықты мекенжайы бойынша әлі тіркелмеген астаналықтар сайлауға қатыса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін бір реттік тіркеуден өту керек. Елордадағы 23 сайлау учаскесінде осындай сервис іске қосылған. Қала тұрғындары сол жерде тіркеу туралы өтініш қалдыруға тиіс. Жалпы, еліміздің бас шаһарына қарасты 407 сайлау учаскесі бар. Оның 68-і сайлау күні шет мемлекеттерде ашылмақ. Қалғандары халықтың тұрғылықты мекенжайы аумағында ұйымдастырылады. Астана қаласы бойынша аумақтық сайлау комиссиясы 20 қараша күні 768 мыңнан астам тұрғынды қабылдауға дайын. Бұл туралы бүгін ұйымдастырылған семинар-кеңесте айтылды. Оған орталық сайлау комиссиясы, жергілікті атқарушы органдар, сот, прокуратура және кандидаттардың штабтары мен сенімді өкілдері қатысты.

Бақыт Бектемісова, Астана қаласы бойынша Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Астана бойынша сайлау учаскелерінің 50% шекарасы өзгерді. Халықтың көп болуына байланысты, Астанада көші-қонның өсуіне орай 59 жаңадан сайлау учаскесін аштық. Оның 56-сы халықтың тұрғылықты мекенжайы бойынша ашылды. Учаскелерде көп өзгерістер бар. Сондықтан біз халыққа қайта-қайта хабарлап, айтып жатырмыз. Сервистік қызметті пайдаланып, не болмаса 109 кол орталығына телефон шалып, өздерінің сайлау учаскелерін алдын ала біліп алса деген өтініш білдіріп жатырмыз.