Қ.Тоқаев А.Байтұрсынұлының музей-үйіне барды

Алматыда Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш қойылды.

Жұртпен кездескен соң Мемлекет басшысы ұлт ұстазының ескерткішін ашты. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Ахаңдай тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. «Қазақ» газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны «Ұлт ұстазы» деп ардақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады.  

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды. Алдымен жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған. Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отбасымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған.