Астаналықтар сайлауға дайын ба?

Сайлаушылар тізіміне 12 миллионға жуық қазақстандық тіркелді.

Алдағы кезектен тыс президент сайлауы кезінде 10 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істейді. Алдағы саяси науқанға қатысты халықтың пікірі қандай? Біздің тілшілер елордалық тұрғындармен әңгімелесіп жұрттың ойын біліп қайтты. 

Президент сайлауына санаулы күндер қалды. 20 қараша Қазақстан үшін тарихи маңызды күн. Әрбір азаматтың белсенділігі ел ертеңіне әсер етеді. Сондықтан біз алдағы саяси шараға астаналықтардың дайындығы мен пікірін білдік.

Блиц:

- Қазақстан елінің азаматының міндеті. Барып өзінің дауысын беру керек. Президентін таңдап бала-шағасының келешегін таңдау.

- Бәрімізге маңызды ғой. Осы мемлекетте тұрғаннан кейін тұрғыны болғаннан кейін. Келешегіміздің алды, болашағы зор болсын дегендей. Біздің мемлекетіміз одан да әрі дамыта берсін дегендей. Сондықтан бару керек. Дауыс беру керек.

- Біздің мемлекетіміз үшін бұл сайлау ең маңызды нәрселердің бірі деп ойлаймын. Өйткені әр қазақ өз президентін өзі таңдау керек. Өзі үшін дауыс беру керек. Елдің болашағы үшін атсалысу керек.

- Жұрт белсенді болу керек. Болашақ мына елдің экономикасы дамып, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсарса соның бәрінде осы сайлаудың маңызы бар шығар деп ойлаймын. Елімізді дұрыс басқаратын болашақта халық сене алатындай адам сайлаймыз ба деп ойлаймын.

Әлеуметтік сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 77 пайыздан астамы сайлауға қатысуға ниетті екенін көрсетті. Ал біз жүргізген шағын сауалнама барысында жастардың ерекше белсенді екенін байқадық.

Блиц:

- Негізі маңызды. Өзіміздің мемлекеттің басшысын таңдайсың. Көп нәрсе соған байланысты ғой енді.

- Ия биыл бірінші рет сайлауға қатысқалы жатырмын. Өзімнің азаматтық борышым ретінде өз президентімді таңдауға құқығым бар деп ойлаймын. Және сайлауға дауыс беруге дайынмын деп ойлаймын.

- Негізі сайлауға қатысу әр азаматтың борышы. Әр Қазақстанның азаматының болашағы шешіліп тұр. Қалай өсеміз, қандай мақсат қоямыз.

- Біз үшін маңызды күн болады. 20 қараша. Бүгін 16 қараша. 4 күн қалды. Барамыз. Осы елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан біз қатысуымыз керек.

Жалпы Астана бойынша 406 сайлау учаскесі жұмыс істейді.  Әрбір азаматқа өз сайлау учаскесі туралы ақпарды бірнеше жолмен алуға болады. Ол үшін бірінші sailau.astana.kz сайты арқылы, телеграм чат-ботын және «SmartAstana» мобильді қосымшасын пайдалануға болады. Тіптен болмаса I Komek бірыңғай байланыс орталығына 109 нөміріне қоңырау шалсаңыз болғаны. Айта кету керек, сайлау күні елордада қоғамдық көліктер таңғы 6:00-ден кешкі 23:00-ге дейін тегін қатынайды. 

Руслан Бақытбекұлы, Арман Ақшабаев