ОСК төрағасы халықаралық байқаушылармен кездесті

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров халықаралық байқаушылармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосуға ТүркПа және Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері қатысты. Тараптар алдағы жексенбі күні өтетін, президенттік сайлау жайында сөз қозғады. Байқаушылар өз міндеттерін адал атқарып, заң бұзушылықтарға жол бермейтінін жеткізді. Сондай-ақ олар әр кандидаттың сенімді өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. Сайлау басталғанда дауыс берушілермен де сұхбаттасу көзделген.

Эрол Кая, халықаралық байқаушы /ТүркПА/:

- Біз Орталық сайлау комиссиясының төрағасымен кездесіп, президенттік сайлау қалай өтетінін, оған қанша адам келіп дауыс беру керектігін білдік. Делегациямыз екіге бөлініп, Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Сайлау күні дауыс беру және оларды санау процесін мұқият қадағалаймыз. Келесі күні БАҚ өкілдеріне баспасөз конференциясын ұйымдастырып, атқарған жұмыс жайында толық мәлімет береміз.

Ахмед Сарир, халықаралық байқаушы /ИЫҰ/:

- Ислам ынтымақтастығы ұйымының делегациясы Қазақстанға байқаушы ретінде үшінші рет келіп отыр. Бұған дейінгі науқандарда өрескел заң бұзушылықтарды көрген жоқпыз. Биыл да президенттік сайлау демократия құндылықтарына сай өтеді деген сенімдеміз. Дауыс санау процесін өз көзімізбен көріп, бақылап отырамыз.