Сайлауды бақылау жөніндегі ТМД миссиясы 27 қазаннан бері жұмыс істеп келеді

Президенттік сайлауды бақылау жөніндегі Тәуелсіз мемлекеттер достастығының миссиясы елдегі жұмысын 27 қазаннан бері жалғастыруда.

Бұл жайында миссия төрағасы Сергей Лебедев мәлімдеді. Осы күнге дейін байқаушылар барлық өңірді аралап, жауапты мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесулер өткізді. Сергей Лебедев Қазақстандағы миссия жұмысын достық көзқараспен атқарып жатқанын жеткізді.

Сергей Лебедев, ТМД атқарушы хатшысы:

- Біз саяси науқанды бақылауды Қазақстанға келген күннен бастап емес, сайлау болатыны туралы ақпарат жарияланған датадан бастаймыз. Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау туралы жоғары деңгейдегі шешім қабылданған сәттен-ақ Тәуелсіз мемлекеттер достастығының атқарушы комитеті хабарламаларды сараптауға кірісті. Біз осында бола тұра ең алдымен Қазақстанның сайлау туралы заңнамасын басшылыққа алудамыз. Миссия жұмысының басты шарты ішкі істерге араласпау. Объективті бақылау. Мемлекет заңдарын сыйлау.