Түркістан облысында 919 сайлау учаскесі жұмыс істейді

Ертең елде кезектен тыс Президент сайлауы. Кандидаттар осы уақытқа дейін барлық аймақты аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Халықпен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяси науқанға дайындық Түркістан облысында да қызу жүргізілді. Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғыны Рахат Қалдыбек ертең алғаш рет дауыс береді. Болашақ педагог халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы тікелей осы маңызды шараға байланысты екенін айтады.

Рахат Қалдыбек, Қарасу ауылының тұрғыны:

– Дәл осы сайлауға біз отбасымызбен міндетті түрде қатысамыз. Осы сайлаудан Қазақстанның барлығы жақсы жаққа өзгеруіне, өзіміздің біліміміздің ары қарай артуына, жалпы барлық нәрсенің жақсаруына сенімім мол.

Ертеңгі болатын саяси науқанға Түркістан облысы бойынша 1 млн 168 мың сайлаушы қатысады деп күтілуде. Өңірде 919 учаскесі бар болса, оның 26-сы жабық учаскелер саналады. Ауылдардағы сайлау учаскелерінің басым көпшілігі мектептерде орналасқан.

Сондай-ақ облыс әкімдігі мен аудан-қалаларда колл орталықтар ашылған. Ондағы мамандар жергілікті халықтың сұрақтарына жан-жақты жауап береді. Ал сайлау комиссияларының мүшелері мен құқық қорғау органы қызметкерлері, жастар мен БАҚ өкілдеріне арнайы оқыту әдістемелік семинарлары өткізілген.

Данияр Оразымбетов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі:

Облысымызда барлығы 6355 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Оның 6229-ы учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, 129-ы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері. Және осы сайлауға байланысты 22 оқыту семинары өткізілді комиссия мүшелерімен.

Аймақта 11 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың жартысына жуығы тіркелген сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасайды. Қалғандарының үйіне комиссия мүшелері барып, дауыстарын тіркейді. Ал өңірдегі ең жасы үлкен сайлаушы Бәйдібек ауданында тұрады. 107 жастағы кейуана да бұл күні өз таңдауын жасамақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов