ҰБТ-2024. Қай салаға қанша грант бөлінді?

Алдағы оқу жылына талапкерлер үшін 112 мың грант бөлінді.

Бұл былтырғы көрсеткіштен 23 мыңға артық.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірасылов грант санының артуы жыл сайынғы демографиялық өсіммен байланысты екенін айтады.

Аталған грант мөлшерінің 79 мыңы бакалавриат еншісінде. Оған 16 мамыр-5 шілде арасында негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын 180 мыңнан астам талапкер таласады. Олар оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және екі таңдау пәні бойынша білімдерін сынайды. 

Болатбек Әбдірасыловтың айтуынша, биыл биология-химия пәндер тобын таңдаған жастардың үлесі, жыл сайын басымдыққа ие болатын математика-физика пәнін таңдаушылардан асып түскен. 

Болатбек Әбдірасылов, ҚР ҒЖБМ ұлттық тестілеу орталығының директоры:

- Бұрын математика-физика екі бейіндік пәнді 19% абитуриенттер таңдаса, биыл математика-физиканы таңдаған балалардың саны – 16%. Ал биология-химия 16%-дан артықтау. Шығармашылық – 13% және 11% математика-информатика пәнін таңдап отыр. Бұл деген мына биология-химия бағытына жасалған, негізделген мамандықтарды көбірек жастарымыз таңдауға мүмкіндік алатынын көрсетеді.

Бакалавриат мамандықтарына бөлінген гранттардың дені инженерия, өңдеу және құрылыс салаларына тиесілі. Жалпы саны 19 344. Екінші орында болашақ мұғалімдер тұр – 13 735 грант. Сондай-ақ IT саласы мамандықтарына да 10 мыңнан аса грант бөлінген. Тағы 8288 грант жаратылыстану ғылымдарының еншісінде.

2024-25 оқу жылында қай мамандықтарға ең көп грант бөлінді?

Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 19 344 грант;

Педагогикалық ғылымдар – 13 735 грант;

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 10 903 грант;

Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 8 288 грант.