ОСК: сайлаушылардың 62,34 проценті дауыс берді

Дауыс берушілер саны сағат сайын артып келеді. Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметіне сәйкес жалпы республика бойынша ел азаматтарының 62,34 % дауыс беріп үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни 7 млн 450 мың 394 адам өз таңдауын жасады. Ал еліміздегі жалпы сайлаушылардың саны 11 млн 950 мың 485. Электораттар белсенділігі бойынша Түркістан облысы әлі де көш басында. Онда сайлаушылардың 80,09%-і дауыс берген. Одан кейін азаматтарының 73,57% дауыс берген Абай облысы тұр. Қызылорда облысы бойынша дауыс берушілердің 72,88%-і таңдау жасады. Қалалардан Алматы шаһарының тұрғындарының белсенділігі төмен. Онда әзірге сайлаушылардың 26,19% дауыс берді. Ал Шетелдегі сайлау учаскелерінен Астана уақыты бойынша 16.00-де Бразилияда дауыс беру басталды. Америка және Канадада жергілікті уақыт бойынша сайлау учаскелері өз жұмысын енді бастайды.