Жетісу өңірі сайлауда ең жоғары көрсеткіш көрсетті

Облыстағы 445 мыңнан аса сайлаушының 81 проценті саяси науқанға қатысқан. Әсіресе өңірдегі Қаратал, Ақсу және Панфилов ауданының тұрғындары ерекше белсенді болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақтағы жабық және көшпелі сайлау учаскелері де жүйелі жұмыс істеді. Соның нәтижесінде сырқаттанғандар, әскерилер, соғыс және еңбек ардагерлері де өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды. Өңірдегі оннан аса ғасыр куәгері дауыс беріп, көпшілікке ақ батасын арнады. Жақында ғана «Мерейлі отбасы» байқауын жеңіп алған Андастар әулеті де сайлаудан қалыс қалмады.

Жанат Төлемісова, «Партиялық емес бақылау орталығы» РҚБ облыстық филиалының жетекшісі:

– Жетісу облысы бойынша 418 сайлау учаскесінде біздің партиялық емес бақылау орталығының байқаушылары сайлаудың әділ және ашық өтуін бақылады. Күні бойы олар бізге мәлімет беріп отырды. Олардың мәліметі бойынша сайлау өте белсенді өтті.