ТүркПА: Президент сайлауы ашық өтті

Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының миссиясы президент сайлауы ашық өтті деген бағасын берді. Бұл туралы ұйым өкілдері бүгін Алматыда өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлауды бақылауға ТүркПА тарапынан 20 байқаушы келген. Түркия Бас ұлттық ассамблеясының депутаты Реджеп Шекердің айтуынша, екі елдің арасындағы сайлауға даярлық пен оны өткізу талаптары ұқсас. Дегенмен оларды мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беруге қолайлы жағдай жасағаны, яғни инватакси ұйымдастырылып, жылжымалы жәшікті жеткізіп бергені таңғалдырған.

Реджеп Шекер, Түркия бас ұлттық ассамблеясының депутаты:

Біз бірнеше сайлау учаскелеріне бардық. Дауыс берушілермен, байқаушылармен, сайлау комиссияларының мүшелерімен сөйлестік. Біз де сайлау комиссияларының мүшелерімен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне барып, олардың дауыс бергеніне куә болдық. Сондай-ақ бізді ата-аналардың балаларын ертіп, дауыс беруге келгені қуантты. Кішкентай кезінен бастап балаларды сайлау процестеріне қатысуға үйрету өте жақсы дәстүр.