Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына - 30 жыл

Биыл Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 1,5 есе артты, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, ортақ жобаларды іске асыруға ниетті. Бұл туралы Берлин Еуразиялық клубының 36-шы отырысында айтылды. Іс-шараға Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.   

Берлин Еуразиялық клубы 10 жыл бұрын құрылған. Ол Қазақстанның тек Германиямен ғана емес, бүкіл Еуроодақпен арадағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған. Бұл жол іс-шараға 120-дан аса адам қатысты. Арасында саясаткерлер, бизнесмендер, инвесторлар, мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар бар. 

Вольфганг Нидермарк, Неміс өнеркәсібі федералдық одағы басқармасының мүшесі:

- Бұл барлық тараптар үшін пайдалы кездесу болды. Біз Қазақстан туралы және ортақ жобалар құру мүмкіндігіне қатысты маңызды мәлімет алдық. Қазақстанмен арадағы байланысымыз мығым. Оны әрі қарай да дамыта беруіміз керек. Біздің елдер, Орталық Азия мен Еуропадағы жаһандық серіктестіктің негізіне айналуға тиіс.  

Германия үшін Қазақстан, Орталық Азиядағы маңызды сауда-экономикалық серіктес саналады. Биыл 9 ай ішінде арадағы алыс-беріс 7 млрд еуроға жуықтаған. Бұл былтырмен салыстырғанда, 86% көп. Бүгінде бізде неміс инвестициясы тартылған 600-ден аса компания жұмыс істеп тұр.   

Михаэль Хармс, Неміс экономикасы шығыс комитетінің атқарушы директоры:

- Серіктестігіміз 30 жылдан асады. Пандемиядан кейін біз экономикалық көрсеткіштерімізді қалпына келтіре алдық. Арадағы алыс-беріс артып келеді. Ал Ресейде өз ісін жүргізу мүмкіндігінен айырылған неміс кәсіпкерлері Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр.

Германия мен Қазақстан машина жасау, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді түрлі салада серіктес саналады. Іс-шара қатсыушылары арадағы ынытмақтастықты одан әрі нығайтудің әлеуеті зор екенін айтады. Әсіресе жасыл сутегі өндірісі жөніндегі жобаның маңыздылығына тоқталып отыр.    

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-сыртқы істер министрі:

- Жаңартылатын энергетикаға қатысты жобалардың ішінде немістің Svevind компаниясы алда келеді. Ол Маңғыстау облысында жасыл сутегін өндіруімен айналысады. Жоба 2030-ші жылы іске асырылады. Сонда 30 гигваттқа дейін электр энергиясы өндірілетін болады. Еуропа нарығына жеткізу үшін 2 млн тоннадан аса сұйық сутегі шығарылады.

Биыл Қазақстан мен Германия үшін айтулы жыл. Арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылғанына 30 жыл болды. Осы уақыт ішінде қос мемлекет арасында сенімді саяси диалог және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық орнаған.