Кавказдағы бейбітшілік Қазақстан мүддесіне сай
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Марат Рамазанов осындай пікірде.
Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары арасындағы келіссөздердің бірінші кезеңі өтті. Онда бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы екіжақты келісімнің жобасын дайындау мәселелері талқыланды.
Бұл үдеріс өте қиын болмақ, өйткені Баку мен Ереванның позицияларын өзара тәуелді: тікелей бейбітшілік келісімі, Әзербайжан мен Армения арасындағы шекараларды делимитациялау және демаркациялау, сондай-ақ Оңтүстік Кавказдағы көлік коммуникацияларының бұғатын ашу секілді үш ұстаным негізінде жақындастыру қажеттілігін ескеру қажет. Сонымен қатар қалыптасқан оң үрдіс пен тараптардың диалогты жалғастыруға дайындығы әлі де келіспеушіліктер сақталып отырған мәселелерді шешуде үміттенуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Бүгінгі келіссөздердің Қазақстанның оңтүстіктегі бас қаласында өтуінің символикалық мәні бар, өйткені 1991 жылы желтоқсанда тарихи Алматы декларациясына қол қойылып, Әзербайжан мен Армения арасындағы шекараны айқындаудың негізгі қағидаттарын бекіткен аса маңызды саяси құжат болған еді.
Іс-шараның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың наурыз және сәуір айларында Әзербайжан мен Арменияға сапарлары өтті. Оңтүстік Кавказдың екі республикасында да келіссөздер алаңын ұсыну жөніндегі «Good Office» форматындағы бастама игі қызметтер миссиясы ретінде оң қабылданды, оның негізінде Қазақстанның өзіне достық пиғылдағы екі елдің келісімге келуі және өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға көмектесуге деген ұмтылысы жатыр, – дейді ҚСЗИ сарапшысы.
Ол бейбітшілікке, тату көршілікке және Оңтүстік Кавказдың тұрақты дамуына жол ашу еліміздің мүддесіне сай келетінін атап өтті.
Бұл өңірдегі шиеленісті жою Қазақстанның Әзербайжанмен, Армениямен және Грузиямен олардың көліктік-транзиттік және экономикалық әлеуетін барынша пайдалана отырып, әріптестігін жандандырады, – дейді Марат Рамазанов.