Парламенттің бірлескен отырысы өтті

Конституциялық құрылысқа қауіп төнген жағдайда Парламент заңды бір тәуліктің ішінде қабылдай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысы өтіп, палаталар жұмысының жаңа регламенті қабылданды. Енді келер жылдан бастап заңды Мәжіліс депутаттары қабылдайтын, ал Сенат оны тек мақұлдайтын болады. Түзетулерге сай халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою көзделген. Бұндай кезде тиісті заң жобасы Мәжілісінде тіркеледі. Кейін төменгі палата төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады. Заң жобасын халық қалаулылары қарағаннан соң Парламенттің әрбір палатасы депутаттар жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Осы және өзге де өзгерістер енді келер жылдан бастап күшіне енетін болады.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең басты түйін конституциядағы өзегерістер осы регламенттен көрініс тауып отыр. Мысалы, конституциялық заңдарды тек қана бірлескен отырыста қарау. Одан кейін тығыз қаралатын заңдардың тетігі. Үшінші – Президеттің қарсылығын еңсеру механизмі. Егер Парламент депутаттарының 4-тен 3 бөлігі қарсылығын білдірсе, Парламент қабылдаған нұсқада Президенттің қарсылығына қарамастан заң қабылданады. 

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Негізгі өзгерістер бізде болады. Заңды талқылау аяқталғаннан кейін міндетті түрде әр адам қандай дауыс берді деген тізімдерді ілу, трансляциясын қамтамасы ету, оппозициялық фракцияларға әр заң талқыланып болғаннан кейін сөйлейтін міндетті сөзі.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз өзіміздің ұсынысымызды дәлелдедік, әріптестеріме рақмет айтқым келеді, олар қолдады. Мысалы, барша Парламент фракцияларының өкілдеріне сөз беріледі. 2012 жылы "Ақ жол" партиясы бірінші рет келген кезде маған да микрофон өшірген болатын, сөз бермеген еді. Әрі қарай мұндай құқығымыз кепілденген.