Сенат депутаттары Каспий итбалығы популяциясының тағдырына алаңдаулы

Осыған байланысты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің өкілдері көл аумағында трансшекаралық қорық ашуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Акваөсіру туралы» заң жобасын қабылдап, балық шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру керек. Су және Жер кодекстеріне өзгертулер мен түзетулер енгізу арқылы ғана сала дамиды, дейді сенаторлар. Депутат Дүйсенғазы Мусин 2030 жылға дейін есептелген салалық бағдарламаға сәйкес балықты ішкі тұтыну деңгейін 134 мың тоннаға ұлғайту, ал импорт көлемін 25 мың тоннаға дейін азайту жұмыстары жоспарланып отырғанын айтты.

Дүйсенғазы Мусин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының Заңы нормаларына сәйкес, тәжірибелік балық өсіру шаруашылықтарын, осы мақсаттағы су айдындарын, мемлекеттік және оларға теңестірілген ғылыми ұйымдарға конкурстан тыс бекіту мүмкіндігін қарастыру керек деп есептейміз. Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мамандандырылған зертхана құру өте өзекті және бұл итбалықтар мен балықтардың қырылуының алдын алуда да тиімді шара болары анық.