Қазақстан мен Өзбекстан не үшін одақ құрды?

Бүгін Қазақстан мен Өзбекстан одақтас мемлекет атанды. Бұл бір. Екіншіден ағайынды елдер арасындағы шекара толық шегенделді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президенттер Ташкентте тиісті шарттарға қол қойды. Сосын мұны «тарихи күн» деді. Жалпы қазақ пен өзбектің қатынасы енді қарқын алады.

Өзбекстан – біз үшін тату көрші әрі маңызды серіктес қана емес, тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп алашапанды ағайынды жақын тартатынын жеткізген. Өзбектердің де қазаққа, қазақтың басшысына деген ықыласы ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келеді дегеннен ресми Ташкент дамыл таппады. Құдай қосқан көршісіне деген  құрметі айрықша. Қазақ президентінің суретін әр көшенің бойына ілген.

Қонақ күту жағынан қазақтан кем түспейтін өзбек жұрты көшелеріне екі елдің туын қатар іліп, жылы сөзін жарқыратып жазды. Осының бәрі бауырлас елдің мызғымас достығын айқындай түскендей. Не керек, қазақ президентінің сайлаудан кейінгі алғашқы мемлекеттік сапарын көршілеріміз ыстық қабылдады.

Қазақ пен өзбек басшыларының қатынасы саяси әріптестіктен көрі бауырмалдыққа негізделген. Екі президент тек биылдың өзінде телефонмен 12 рет сөйлесіп, қыркүйектен бері 4 рет кездесті. Бүгінгісі бесінші жүздесу.

Протоколға сай қарсы алу рәсімі аяқталды. Екі президент шағын құрамда кездесу өтетін залға кірді. Мұның құрамы шағын болғанмен негізгі мәселенің бәрі осындай екеуара әңгіме кезінде пысықталады.

Мемлекет басшылары экономикалық қатынас аясын кеңейтуге мүдделі. Өткен қазан айында ғана Астанада екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды. Қазақстан Өзбекстанның сыртқы саудадағы ең ірі үш серіктесінің бірі. Өз ағамызбен арадағы тауар айналымы биыл 5 миллиард долларға жуықтаған. Бұл санды еселеуге бейілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Достас әрі тілектес елміз. «Ғафу ли дос илга соғар» деп, ал қазақта «Шынайы дос шыңға шығарар» деген нақыл сөздер бар. Сондықтан біз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынасты тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты барынша нығайтуға мүдделіміз.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз.

Президент сапарының аясында жиыны 8 миллиард доллардың келісімі бекіді. Бұл деген қыруар қаражат. Қазақстан мен Өзбекстанда бірлескен кәсіпорындар ашылады. Соның бірі – Қарағандының Саран қаласында салынады. Зауытта газ плитасы, ауа сорғыш құрылғы, шағын пеш, кір жуатын машина, теледидар секілді жылына 1 миллион тұрмыстық техника шығарылады. Кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады. Екінші өндіріс орнын «СарыарқаАвтоПром» мен «UzAuto Motors» Қостанайда салады. Келесі жылы іске қосылатын зауытта жылына 30 мың «CHEVROLET ONIX көлігі құрастырылады. Үшінші бірлескен жоба Шымкентте жүзеге асады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

- Инфизионный раствор жасайтын үлкен зауыт ашылатын болады. Жылына қуаты 1 млн нан аса болады. Оның өнімдері бірінші кезде ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Қосымша экспортқа шығуға мүмкіндік табылады.

Ал, Қазақстанның инвестициясымен Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкенттің өзінде тұрғын үй және коммерциялық нысандар бой көтереді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың құрылысын бастап берді.

Енді қаңтар айынан бастап қазақтың мұнайын өзбектер сатып алады. Көршімізге қара алтынды бұған дейін де экспорттап келгенбіз. Бірақ, нақты көлем болмайтын. Алашапанды ағайындар мұнайымызды бірде көп, бір аз алатын. Сапар аясында нақты көлем белгіленді.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Осы жиналыстың нәтижесі бойынша Өзбекнефтегаз каомпаниясымен біз нақты келісімге қол жеткіздік. Сол келісімнің аясында біз жылына 300 мың тонна мұнай сататын боламыз Өзбекстан тарапына. Сонымен қатар Ресейден транзит ұйымдастыруға дайын екенімізді білдірдік. 

ӨЗБЕКСТАНДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҚУ ОРЫНДАРЫ АШЫЛАДЫ

Ағайынды екі ел гуманитарлық бағытта да байланысты бекемдейді. Білім-ғылым саласында қазақ пен өзбек осыдан 15 жыл бұрын келісімге қол қойған. Ол құжат ескірді. Енді көрші мемлекеттер бір-бірінде оқу орындарын ашып, ағарту ісінде ынтымақтастықты нығайтады. Өзбек студенттері білім алу үшін шекара аспайды. 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Енді өзбектер студенттерін жібермей ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға жол салды. Әл Фараби атындағы ҚҰУ, Оңтүстік Қазақстан университеті, мұнай және газ университеті Атырауда тағы бірқатар Өзбекстанда өз филиалдарын ашуға дайын.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық әріптес еді, енді одақтас атанды. Бұл - елдер арасындағы байланыстың ең жоғары сатысы. Мемлекеттік сапардың аясында екі тарихи құжатқа қол қойылды. Біріншісі – одақтастық туралы шарт.

Бауырлас қос ел бұған дейін одақтас болмаған. Өйткені Өзбекстан Еуразиялық одаққа мүше емес. Әрі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына да кірмейді. Екі елді тек Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, Түркітілдес елдер ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес қана біріктіретін. Енді одақтас болды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев,  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. 

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Екіншісі шекараны демаркациялау туралы шарт. Бұл да тарихи құжат. Тарихи сәт.

Екі ел арасындағы шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қою бойынша келісім 19 жыл бойы жүрді. Мынау жатқан сол құжат. Тек қазақстандық құжаттың өзі 8 мың парақтан тұрады. Салмағы 100 келі. Сол 8 мың парақтың әрбіріне қол қойылған. Осылайша еліміздің оңтүстік шекарасы халықаралық талапқа сай толық шегенделді.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев, Ділмұрат Сейдаханов