Сенат сайлауына Жетісу облысынан үш кандидат қатысады

Жетісу облысындағы үш кандидат ҚР Парламент Сенаты депутаттарының сайлауына түседі.

Олар Амангелді Толамисов, Ғабит Тұрсынбай және Руфина Усанова. Үміткерлердің бірі  ҚР Парламенті  Сенатының депутаты болса, қалған екеуі мемлекеттік қызметкер. Саяси додаға түсетіндер желтоқсанның жиырма төртіне дейін өңірлік сайлау комиссиясына құжаттарын толық өткізген. Тексеріс нәтижесінде олардың конституциялық заң талаптарына сай келетіні анықталып тіркеуден өтті. Ең жоғарғы заң шығарушы органда кімнің қызмет ететіні облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттың 148 депутатының дауыс беруі нәтижесінде белгілі болады. 

Тимур Дәуітов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- 14 қаңтарда мәслихаттардың барлық депутаттары шақырылады. Олар бірлескен отырысында ҚР Парламенті Сенаты депутатын сайлайды. Барлық іс-шаралар конституциялық сайлау туралы заңға және күнтізбелік жоспарға сәйкес өтеді. Қазіргі кезде сайлауға дайындық жүргізілуде.