2022 жылы әкімдіктер 220 млрд теңгені игермеген
Бұл – жергілікті атқарушы органдарға өңірді дамытып, бағдарламаларды іске асыруға бюджеттен бөлінетін қаржы.
Жалпы былтыр қаңтар-қараша айларында әкімдіктерге 2,9 трлн теңге нысаналы трансферттер бөлінген. Бірақ бұл соманың тек 92,5% пайдаланылған. Ал қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған 220 миллиард теңге сол күйі игерілмеген. Оның ішінде 15 миллиард бюджет қаржысы үнемделді. Ал 204 милиард іске аспаған. фин-prom.kz нысаналы трансферттерді игеру бойынша өңірлер рейтингін жасады. Сонымен, қалалық және облыстық әкімдік рейтингінде Қызылорда және Қостанай облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлерге бөлінген қаржының 99% игерілген. Үштікке Шымкент қаласы да кірді: мұндағы нысаналы трансферттердің 98,6% игерілді. Ал Елорда бұл рейтингтің соңында қалды. Астана әкімдігі трансферттердің тек 68% игерген. Батыс Қазақстан облысы мен Маңғыстау облысының да көрсеткіштері төмен. Онда нысаналы трансферттердің 83-84% іске асырылған.