Президенттің БАӘ-ге ресми сапары: 9 құжатқа қол қойылды
Әмірліктер – Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі басты серіктесі. Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кеңейтілген құрамдағы кездесуде Қазақстанға жасап келген қолдауы үшін алғысын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сондай-ақ биыл шетелге алғашқы ресми сапары осы мемлекеттен басталғанын тілге тиек етті. Президенттің пайымынша, 2 елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен қос мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян елдер арасындағы энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санайды. Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты. Тараптар келіссөз нәтижесінде 9 құжатқа қол қойды. Оның ішінде елдер үкіметі арасындағы Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл сапардың мағынасы ерекше. Біз бірқатар құжаттарға қол қоямыз. Бұл келісімдер 2 елдің арасындағы ынтымақтастыққа үлкен серпін береді деп ойлаймын. Бүгін бізді ыстық ықыласыңызбен қарсы алып отырсыздар. Біз үшін бұл үлкен құрмет, ғанибет деп айтуға болады. Әмірліктер – біздің ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз.