Еуразиялық даму банкі елге $1,1 млрд инвестиция құяды

Еуразиялық даму банкі биыл Қазақстанға 1 млрд доллардан аса қаржы құйып, қосымша инвестиция тартуға ниет білдіріп отыр.

Бұл туралы мемлекет басшысының қабылдауында болған банктің басқарма төрағасы Николай Подгузов мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржы негізінен көлік инфрақұрылымы, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, жасыл энергетика және су ресурсы саласына құйылады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа мамырда өтетін Азия-Тынық мұхиты аймағының даму институттары қауымдастығының кездесуіне дайындық барысы да баяндалды. Айта кетейік, жиынға әлемнің 40 елінен 80-нен астам даму институты мен халықаралық құрылымдар қатысады. Келелі кеңесте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына инвестиция құю мәселесі талқыланады.