Қазақстан Иранға 75 тауар түрін жеткізуге дайын

Қазақстан Иранмен ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға дайын.

Әсіресе көлік-логистика саласында ынтымақтастық өте маңызды. Сондықтан «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізінің өткізу мүмкіндігін көбейту керек. Бұл мәселелер Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Иран ауыл шаруашылығы министрі арасындағы кездесуде талқыланды. 

Жоба бойынша 2025 жылға қарай жүк өткізу мүмкіндігін 10 млн тоннаға дейін арттыруға болады. Иран тарапы да теміржол желісі мен инфрақұрылымның дамуына мүдделі. Парсы елінің өкілі Қазақстан нарығына цитрус өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Жалпы екі ел арасындағы өзара тауар айналымы былтыр 500 млн долларға жеткен. "Енді Қазақстан Иранға жалпы құны 250 млн доллар болатын қосымша 75 тауар жіберуге әзір", - деді Әлихан Смайылов. Үкімет басшысы: "Тараптар жалпы сауда көлемін 3 млрд долларға дейін жеткізу міндетін орындауға дайын", - деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Иран - Қазақстанның Парсы шығанағындағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы өткен жылы қаңтар-қараша айларында шамамен 500 млн доллардың құрап, 20%-ке өсті. Дегенмен, біз өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша одан да жоғары әлеуетті көріп отырмыз. Мемлекет басшысы Иранға сапары аясында тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту міндетін қойды. Біз Иран нарығына жалпы құны шамамен 250 млн доллар құрайтын 75 тауар позициясын жеткізуге дайынбыз.