Астанада Еуропа Кеңесінің сарапшыларымен кездесу өтті
Астанада Қазақстан Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Еуропа Кеңесіне қарасты Заң мамандықтары өкілдеріне арналған адам құқықтары саласында білім берудің еуропалық бағдарламасының сарапшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Басқосуда сотқа дейінгі тергеу барысындағы адам құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды. Оның ішінде тараптар Қазақстанның құқық қорғау саласындағы азаптаудың алдын алу шараларын ортаға салды. Сондай-ақ кездесуде тиісті еуропалық құрылымдармен ынтымақтастық жайы тілге тиек болды. Еуропа Кеңесінің делегациясы бұл жиыннан басқа еліміздің Жоғарғы сотын, Бас прокуратурасы, Әділет министрлігі, Республикалық адвокаттар алқасында және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, сонымен қатар Құқық қорғау органдарының академиясы, Әділет академиясының ғалымдарымен кездесуді жоспарлап отыр.
Сергей Дикман, Еуропа Кеңесі бағдарламасының сарапшысы:
- Адам құқықтарына байланысты заңгерлерді, соттар мен прокурорларды оқытамыз. Сондай-ақ биыл азаптаудың алдын алу және адамгершілікпен қарау мәселесіне арнап үлкен аймақтық конференция өткізу жайын талқыладық. Өйткені аталған мәселе бойынша Еуропа кеңесінің бай тәжірибесі бар. Бізде азаптаудың алдын алуға қатысты арнайы комиссия жұмыс істейді. Жалпы Қазақстан билігі жүргізіп жатқан жұмысқа оң баға береміз.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы:
- Жақын арада Парламентке Қазақстандағы Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы Заң қаралуға өтеді. Бұл да – осы Еуропа кеңесімен бірлесіп істелінген жұмыстардың нәтижесі. Екіншісі, қазіргі кезде өзекті мәселе – қылмыстық процестің бастапқы сатыларындағы азаптаудың, қинаудың алдын алу және оны жою жолдары туралы. Бұл не? Азаматты ұстағаннан бастап сотқа дейінгі процестер. Осы төңірегінде біздер өзара іс-қимыл жасаймыз.