Ақтөбе облысында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына дайындық жүріп жатыр

Ақтөбе облысы бойынша Парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына қатысу үшін 114 адамнан өтініш түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлығы да – өзін-өзі ұсынған азаматтар. Ал саяси партиялар тарапынан алғашқы кандидат тек бүгін құжаттарын тапсырған. Облыстық сайлау комиссиясы науқанға қатысушылардың өтінішін 8 ақпанға дейін қабылдамақ. Одан кейін үміткерлерді іріктеп, тіркеу басталады. Ал нақты кандидаттар саны келесі айдың 19-ында белгілі болады.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурыз күні өтеді. Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша сайлаушылар санын анықтау жүріп жатыр.

Нұрлыбек Жүсіпов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Қазір сайлаушылардың көбеюіне байланысты 525 сайлау учаскелері біздерде Әділет органдарында тіркеліп, жұмысын бастағалы отыр. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жүргізіп жатыр.