Қарағанды облысында мәслихат депутаттығына 200-ге жуық өтініш берілді
Қарағанды облысында 200-ге жуық өзін-өзі ұсынушы мәслихат депутаттығына өтініш беріп үлгерген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Облыстық мәслихатта бүгінгі күні 36 орын бар болса, оның тең жартысы партиялық тізім бойынша, қалған 18-і осы өзін-өзі ұсынғандарға бұйырады. Осылайша, алдын ала болжам бойынша бір орынға кемі 3-4 адам таласатын болады. Бұл сайлаудың ерекшелігі де – осы, яғни кандидаттар арасында бәсекелестіктің жоғары болуы. Кандидаттарды тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Бүгінгі күні бір мандатты округтер бойынша комиссия құрамы бекітілген. Ал партиялық тізім жақын арада ұсынылатын болады.
Қайрат Нұркенов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Осы жұмада партия филиалдары өз конференцияларын өткізіп, партиялық тізімдерін ОСК-ға ұсынады. Оның ішінде 30%-і әйелдер , жастар, мүгедек адамдар болуы тиіс. Қазіргі таңда бізде Мәжіліске 2 округ, облыстық мәслихатқа 18 округ құрылған, сосын қала мен аудандарда – 178 округ.