Ә. Смайылов: ЕАОЭ аясында сауда кедергілерін жою маңызды

Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда кедергілерін жоюға барынша күш жұмылдыру қажет. Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамда өткен отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай деді.

Шараға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты. Өзбекстан мен Куба мемлекеттерінің өкілдері бақылаушы ретінде атсалысты.

Алматыда 2 күн бойы 5 елдің Үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Жиында сөз алған Әлихан Смайылов, ұйымның өткен жылғы  экономикалық көрсеткіштерін оң бағалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімі 1,5 трлн долларға жеткен. Ауыл шаруашылығы саласында 5%-тік өсім бар. Алайда Одақтың әлеуеті бұдан да жоғары, - дейді Қазақстанның Премьер-министрі Әлихан Смайылов. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың іс-шараларын жүзеге асыруда барынша күш жұмылдыру қажет. Бірінші кезекте, өзара саудадағы кедергілерді жою маңызды.

Әлихан Смайылов, ҚР  Премьер-Министрі:

- Оң көрсеткіштерге қарамастан ішкі шекараларда кедендік бақылау элементтері әлі күнге дейін сақталып отыр. Санитарлық, ветеринарлық және басқа да шектеулер кеңінен қолданылуда. Бұл бизнеске Еуразиялық экономикалық одақ артықшылықтарын толық пайдалануға мүмкіндік бермейді.

Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың органдарына Ресей мемлекеті төрағалық етуде. Кеңес отырысында Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин, Одақ аясында бұрын қол жеткізілген шарттардың жүзеге асырылғанын атап өтті. Енді жаңа міндеттер айқындалды. Ынтымақтастықтың шеңберін бекітіп, Еуразиялық экономикалық комиссия тиісті жұмыстарды ұйымдастыру керек, - деді Мишустин.

Михаил Мишустин, РФ премьер-министрі:

- Бірінші кезекте, елдеріміздің технологиялық әлеуетін кеңейту маңызды. Бүгін цифрлық форумда осы мәселені жан-жақты талқыладық. Экономиканың жетекші салаларына озық ғылыми-техникалық шешімдерді енгізу үшін күш-жігерді біріктіру қажет. Атап айтқанда, автокөлік, химия өнеркәсібі, ауылшаруашылық машина жасау, микроэлектроника, ұшақ және кеме жасау, фармацевтика, баламалы энергетика, биотехнология салаларын жаңа технологиямен жандандыру керек.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды. Келесі жиын маусым айында Ресейдің Сочи қаласында өтеді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев.