Д. Жазықбаев: «Е-қызмет» жүйесі жетілдірілді

Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа агеттіктің былтыр атқарған жұмыстары мен оның тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Президентке мемлекеттік қызметке кіру ісіндегі артық кедергілерді жою, одан шығу тәртібін жеңілдету үшін жүргізілген жұмыстар туралы мәлімет берілді. Дархан Жазықбаевтың айтуынша, іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында «Е-қызмет» жүйесі жаңғыртылды және оның базасында биыл 1 наурыздан бастап жаңа іріктеу жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өткізуге дайындық жұмыстарының басталғаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ өңірлік жастар кадр резервтерін құру жоспарда бар. Кездесу соңында Президент мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру және мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша, оның қызметіне мониторинг пен талдау жүргізу, агенттіктің толыққанды стратегиялық HR-институты етіп қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі және алдағы атқарылатын жұмыс жоспары бойынша баяндадым. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметті әрі қарай жетілдіру бойынша және жүйелі түрде жұмыстарды жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді.