Өзбекстанда жаңа көші-қон келісімі күшіне енеді

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы алғашқы одақтас мемлекеттер. Мұндай мәмілеге былтыр желтоқсан айында екі елдің президенттері қол қойған еді. Енді қырғыз бен өзбек арасында да осындай шарт жасасу көзделіп отыр. Мұндай байланыс аймақты тұрақтылыққа ғана емес, экономикалық өсімге жетелейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рауан Мыңбаев, тілші:                                 

- Орталық Азия өзара ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне қадам басты. Қазақ пен өзбек одақтас. Онысы өткен желтоқсан айында халықаралық шарт негізінде бекіді. Енді екі ел бірін-бірі біраз салада толықтырады. Былтыр 5 млрд долларға жеткен тауар айналымын көп ұзамай екі еселейді.

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы 2 ірі экономикалық аймақ. Жалпы ішкі өнім көлемі жөнінен біздің ел көш ілгері. Бауырлас мемлекетке Қазақстан былтыр 2,5 млн тонна бидай және 375 мың тонна ұн жеткізді. Ішкі сұраныстың басым бөлігін өтеді. Оған қоса картоп, арпа, май, жүгері және ірі қара еті де бар. Ал өзбек кәсіпкерлері елімізге автомобиль және тоқыма бұйымдарын көптеп жөнелтті.

Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған сапары кезінде жалпы сомасы 8 млрд долларға жаңа келісімдер жасалды. Өнеркәсіптік кооперация құрудан бөлек, ұзақ мерзімді шарттарға қол жетті. Энергетикалық инфрақұрылымға қажетті көмірдің негізгі бөлігі біздің елден жеткізіледі.

Қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстан нарығына қомақты капитал құя бастады. Таяуда ғана көрші елде 3 ауқымды бірлескен жоба іске қосылды. Ташкентте қазақстандық компаниялардың бірі тұрғын үй кешенін салуға кіріссе, енді бірі көлік-логистикалық терминалдың іргетасын қалады. Ал Науаида отандық инвестиция көмегімен минералды тыңайтқыш зауытының құрылысы басталды.

Нозим Хасанов, Орталық Азия халықаралық институтының бас ғылыми қызметкері:

- Қазақстан мен Өзбекстан су саласында байланысты жолға қойды. Министрліктер бұл мәселеге ерекше мән береді. Трансшекаралық су ресурстарын пайдалануға келгенде басы ашық күйінде қалып келген көп мәселенің шешімін таптық. Қазақ пен өзбектің осы бағыттағы серіктестігі аймақтағы басқа да елдерге үлгі.

Алдағы уақытта Өзбекстанда көші-қон саласына қатысты жаңа келісім күшіне енеді. Қазақстан азаматтары бұл елде 30 күн тіркеусіз жүруге мүмкіндік алады. Бұған дейінгі талап тек 3 күнмен шектелетін. Орталық Азия үшін ең өзекті су және электр қуаты тапшылығын да тараптар бірлесіп шешпек.

Авторы: Рауан Мыңбаев.