Еліміздің құтқарушылары Түркияда жарты айға жуық болуы мүмкін

Еліміздің 60 адамнан құралған екінші құтқару жасағы Түркияға аттанды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Газиантептегі зілзаланың салдарын жоюға атсалыспақ. Мемлекет басшысы бауырлас халыққа шұғыл жәрдемдесу мақсатында бүгін тағы бір бортты жіберуді тапсырған болатын.

Апат болған жердегі жағдай қазір ауыр. Жер дүмпулері қайталанып жатыр. Сондықтан құтқару жасағын Газиантеп аймағына жөнелтпес бұрын төтенше жағдай министрі қауіпсіздікке баса мән беруді тапсырды. 

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Үйінділерді тазарту кезінде жартылай қираған ғимараттар опырылуы мүмкін. Өкінішке қарай, дәл қазіргі жағдайда уақыт бізге дұшпан. Қирандылар астынан адамдарды аман алып шығу мүмкіндігі сағат сайын кеміп жатыр. Мәйіттерді шығаруға дайын болуларыңыз керек. Сондықтан психологиялық тұрғыдан ауыр жұмыс болайын деп тұр. Кімнің денсаулығы мен жүйке жүйесі сыр беруі мүмкін? Қатардан қазір шығып кетуге болады.

Министрдің бұл ұсынысына саптағылар жауап қатпады. Бауырлас халыққа тездетіп көмектесуге әзір екенін құтқарушылар үнсіз аңғартты.  

Исламбек Амангелдинов, қалалық құтқару жасағының өкілі:

- Түркия мемлекетіне бара жатқан құтқарушылар өте тәжірибелі. Психологиялық тұрғыдан ондай қиындық туғызады деп ойламаймын. Ең басты мақсат.

Жұмыс ауыр және қауырт болмақ. Газиантеп аймағында 3 мыңнан астам ғимарат қираған. Сол себепті құтқарушылар жасағын сол жақтағы жедел штаб топтарға бөліп, басқа өңірге жіберуі әбден мүмкін. 

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жасақ автономды режимдегі апатты-құтқару техникасымен жабдықталған. Жасақтың құрамында кинологтар және апатты медицина мамандары да бар. Дәрігерлер зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек көрсете отырып, біздің құтқарушыларымыздың денсаулығын бақылайтын болады.

Алып КАМАЗ сиятын бортпен бұл жолы шағын көліктер жіберілді.  Өйткен жер сілкінген аймақтарда жол тар, үлкен жүк көліктері әзір өте алмай жатыр.  Сонымен қатар, құтқару жұмыстарына қажет құрал-сайманның 150 түрі мен дәрі-дәрмектің 160 түрі борттың жүк салу бөлігіне жеткізілген. Әуе кемесіне керек-жарақтың барлығы тиелгеннен кейін жасақтың шатырлары  мен төсек-орны артылды.  Осыдан кейін ғана құтқарушылар  бортқа беттеді. Зіңгіттей жігіттердің арасында жалғыз дәрігер қыз бар. Кардиология орталығының маманы бұл сапарға өзі сұраныпты.  

Раушан Жақсыбекқызы, дәрігер:

- Дәрігердің ең басты міндеті адам өміріне араша түсу. Бұдан бөлек мен Түркияда бір жылдай тұрдым. Бауырлас халықтың қандай жағдайға душар болғанын көріп, шыдамадым. Дәрігермін, түрік тілін меңгергенмін. Сол жақта пайдамды тигізсем деймін. Әрі отандастарыма да көмегім тиеді. 

60 адамнан құралған құтқарушылар құрамы Газиантептегі әріптестеріне бүгін жетеді. Апаттық-құтқару миссиясымен аттанған жасақтың іссапары 2 аптаға созылуы мүмкін.

Бақыт Топтаева, Ербол Дайыров, Мерлан Рымжанов