Орталық Азия елдерімен ынтымақ Қазақстан үшін несімен тиімді?
Орталық Азия елдері арасындағы ынтамақтастықтың Қазақстан үшін пайдалы тұстары көп.
Сарапшылардың пікірінше, біздің мемлекет үшін мұндай қарым-қатынастар тек саяси тұрғыдан ғана емес, экономика жағынан да ұтымды. Өңірде шоғырланған елдердің серіктестігі алдағы 10 жылда ерекше қарқынмен дамиды, деп болжайды мамандар.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстан. Орталық Азия өңірінде орналасқан осы 5 елдің ынтымақтастығында жаңа кезең басталды. Коронавирус пандемиясы басталып, логистикалық түйіткілдер көбейгенде, бұл мемелекеттер алыс шетелден гөрі өңірлік сауда-саттыққа басты назар аудару қажеттігін түсінді. Қазір өзара тауар айналымы 16 миллиард доллардан асып отыр.
Никита Шаталов, саяси сарапшы:
- Біздің мәселелеріміз қандай? Мысалы, Өзбекстан Республикасымен энергетикалық кешендегі ынтымақтастықты арттыруымыз керек. Себебі оларға газ бен мұнай керек. Ал өңдеу өнеркәсібі көпшілікті алаңдататын маңызды салалардың бірі. Орталық Азия елдерінің өнеркәсібі біздің елге қарағанда ілгері дамыған. Бұл елдерде ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары. Міне, осындай экономикалық мәселелер қазір өзекті болып тұр.
Орталық Азия мемлекеттері тек экономикалық емес, саяси мәселелер бойынша да бірлікті арттыруға мүдделі. Ортақ мүдделер мен бағдарламалар, визалық режим мен заңнамаларды үйлестіру жұмыстары күн тәртібінде тұр.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
- Біздегі қазіргі саяси реформалар жалпы Орталық Азия үшін ғана емес, ТМД үшін де жаңалық болып жатыр. Көрші мемлекеттерд президенттік билікті нығайтуға бет бұрып жатыр. Ал біз керісінше, парламентаризмді дамытуға мүмкіндік жасап жатырмыз. Және де біз сол парламентаримзнің жетістіктерін көрсетіп жатырмыз. Ертеңгі күні сол тәжірибемізді басқа да мемлекеттер қолдануға мүмкіндік болады.
Сарапшылардың пікірінше, өңіраралық қарым-қатынастардың дамуы Қазақстанға тек оң ықпалын тигізіп жатыр. Мәселен көптен бері жұртты мазалап жүрген шекаралық су мәселесі де шешімін табуға жақын.
Нозим Хасанов, Орталық Азия халықаралық институтының бас ғылыми қызметкері:
- Қазақстан мен Өзбекстан су саласында байланысты жолға қойды. Министрліктер бұл мәселеге ерекше мән береді. Трансшекаралық су ресурстарын пайдалануға келгенде басы ашық күйінде қалып келген көп мәселенің шешімін таптық. Қазақ пен өзбектің осы бағыттағы серіктестігі аймақтағы басқа да елдерге үлгі.
Сондай-ақ өңіраралық ықпалдастықтың арқасында Қазақстан жаңа логистикалық шешімдер қабылдап, бұған дейін шықпаған нарықтарды игеруге мүмкіндік алады. Бізде ашылған нвестициялық хаб арқылы көрші мемлекеттерден қомақты қаражат тартуға да болады.
Дариға Ташенова