ОА елдерінің Бірінші парламентаралық форумы. LIVE

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің Бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр.

Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан парламентшілері мен саяси сарапшылары қатысуда. Форумда нақты қандай мәселелер талқылануда?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз қазір Орталық Азия елдерінің Бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатқан Түркістандағы тұрмыз. Ауқымды жиынға көрші 5 елден 50-ге жуық делегат келіп қатысып жатыр.

Күн тәртібінде тараптар Орта Азия елдеріне ортақ әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелерді талқылайды деп күтілуде. Атап айтқанда көптен бері еліміздің Оңтүстігіндегі 3 млн-нан астам халықты мазалап келе жатқан шекаралық су мәселесі де қаралады. Сарапшылардың айтуынша, форумға қатысушылар трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты аймақтағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жолдарын іздестірмек. Одан бөлек өңірлік қауіпсіздікті нығайту, бірлескен инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды іске асыру, өңірдің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру сияқты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы жобаларды ілгерілету мәселелері талқыланады. Әлемдегі геосаяси шиеленістер, ресей мен украина арасында қырғи-қабақ соғыс - Орта Азия мемлекеттерін саясат пен экономикадан бұрын бірлік пен ынтымаққа ұйыстыру қажеттігін ұқтырды. Осы орайда біз Қырғыз Парламентінің депутаты Марлен Маматалиевтің пікірін білген едік. Тыңдап көрейік.

Марлен Маматалиев, Қырғызстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты:

- Қазіргі кезде Орталық Азия елдері арасы Республикасындағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды қадам. Әсіресе әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты тарихы ортақ, түбі бір тамырлас елдердің бір-бірімен  қарым-қатынасы тұрақты болуы керек деп есептеймін. Бұл тек саяси-экономикалық  тұрғыда ғана емес, рухани-мәдени салада да жаңғыруы тиіс. Бүгінгі форум соның алғы шарты деуге толық негіз бар. Барлық елдің делегаттарының толық, әрі белсенді қатысуы мені қуаттандырып отыр. Біздің күшіміз бірлікте екенін мойындауымыз керек.

Осы жерде айта кетейік, бұл форум Қазақстанның бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Енді ол Орталық Азия өңірін дамытудың стратегиялық бағыттарын парламентарийлер арасында талқылауға арналған тұрақты алаң болмақ. Жиынға қатысушылар өңірде шоғырланған елдердің ынтымақтастығы алдағы 10 жылда ерекше қарқынмен дамитынын болжап отыр. Форумның қорытындысы бойынша ең маңызды құжат - Түркістан декларациясы қабылданады.