Түркі мемлекеттері ұйымы экономикалық саясатты зерттеу орталығын ашуы мүмкін

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерде экономикалық саясатты зерттейтін орталық ашылуы мүмкін. Сарапшылар осындай ұсыныс айтты.

Түркі әлемінің атажұрты болған Қазақстанның астанасында бүгін түбі бір елдердің өкілдері бас қосты. Жиынға арқау болған тақырып - экономикалық интеграцияны дамыту.

Қазіргі алмағайып кезеңде барыс келісті арттыру аса маңызды. Ал бұған мүмкіндік мол. Түркі елдері Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырып жатыр. Соңғы кезде біздің тарап та көлік-логистикасына басымдық беріп келеді. Кейінгі 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді.

Бауырлас елдер өзара көлік бағдарын көбейтуге мүдделі. Бұл мақсатқа жету үшін 2025 жылға дейін біздің ел тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отыр.

Гасан Гасанов, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі /Әзербайжан/:

- Түркі әлемі батыс үшін де, шығыс елдері үшін де қажетті энергетикалық ресурстарға ие. Мемлекеттеріміз өзге елдердің азық-түлік проблемасын шешуде өз үлесін айтарлықтай арттыра алатын табиғи-климаттық аймақта орналасқан. Сондықтан бізге экономикалық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білген жөн.

Қазақ басшысы былтырғы қарашада Самарқандта өткен саммитте түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құруды ұсынған. Ал Астанада бауырлас елдердің өкілдері түркі мемлекеттерінің аумағында экономикалық саясатты зерттейтін орталық құруға шақырды.

Шаһин Мұстафаев, халықаралық түркі академиясының президенті:

- Түркі мемлекеттерінің экономикалық интеграциясына көмектесу үшін негізінен ғылыми жобалар әзірленетін ортақ платформа құру мүмкіндігін талқыладық. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті зор. Табиғи байлық, халық саны экономикада әлдеқайда терең байланыс орнатуға ықпал етеді.

Бауырлас елдер арасында тауар айналымы артқан. Кедендегі кедергілер жойылып жатыр. Мысалы былтыр Қазақстан мен ұйым елдері арасындағы сауда көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 50 пайызға өскен. Түбір бір түркілер тек экономикалық емес, қорғаныс саласындағы қатынасқа да қарқын беруге бейілді.

Қорған Қонысбайұлы, Руслан Әлиев, Азамат Саметов