Сайлау кезінде үгіт жүргізуге салынған тыйымды бұзудың 5 дерегі анықталды

Кандидаттарды және партиялық тізімдерді тіркеу аяқталмай тұрып, үгіт жүргізілген. Осындай 5 дерек анықталды. Заң бұзғандар жауапқа тартылады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.

Сайлау кезінде құқық бұзушылықтар жасаған үшін Әкімшілік кодексте 26 бап көзделген. Мәселен, ақпарат құралының сайлау науқанын объективті көрсетпей, олармен байланысты оқиғалар мен деректерді бұрмалауы, бір кандидатқа келісім бере отырып, басқа үміткерге эфир уақытын, баспа алаңын бөлуден бас тартуы сынды мәселелер құқық бұзушылыққа жатады. 

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Ең бір маңызды өзгеріске назар аударғым келіп отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске былтыр қарашада енгізілген түзетулерге сәйкес енді осы бап бойынша кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне қасақана нұқсан келтіретін үгіт материалдарын жариялаған үшін БАҚ-пен бірге онлайн-платформаларды пайдаланушылар да жауаптылыққа тартылады.