10 164 учаскеде дауыс беру басталды. LIVE

Астана уақытымен сағат 8.00-дегі жағдай бойынша 10 146 учаскеде дауыс беру басталды. Оның 18-і Қазақстанның шетелдердегі өкілдіктерінде жұмыс істеп тұр. Өзге мемлекеттердегі қалған 59 учаскеде дауыс беру уақыт айырмашылығына байланысты кештеу басталады. Мұны Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Ел бойынша 12 млн 32 мың 550 адам дауыс беруге құқылы. Ең көбі Түркістан облысында. 1 млн 100  мың. Ал ең азы Ұлытау облысында, бұл жақта дауыс беретін азаматтардың саны – 138 мың. Жалпы, бүгін 10 мың 223 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 77-сі 62 шет мемлекетте. Яғни, жырақта жүрген азаматтарымыз Қазақстанның мекемелері жанынан құрылған 77 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

- Астана уақытымен сағат 8.00-дегі жағдай бойынша барлық өңірде 10 146 учаске дауыс беруге кірісті. Сондай-ақ 17 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанындағы 18 учаскеде дауыс беру басталды. Осылайша, қазіргі уақытта дауыс беру 10 164 сайлау учаскесінде өтіп жатыр.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Ал шетелдердегі қалған 59 учаскеде дауыс беру уақыт айырмашылығына байланысты кештеу басталады. Саяси науқанның заңды өтуін 12 халықаралық ұйым мен 41 елден келген 793 байқаушы қадағалайды.

 Жалпы, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына 7 партия қатысып жатыр. Мәжіліске барлығы 98 депутат сайланады. Оның 70 пайызы, яғни 69 орын пропорционалдық жүйемен 5 проценттік межеден өткен саяси партиялардың тізімі бойынша сайланады. Ал қалған 30%, яғни 29 орын бір мандатты округтерден сайланатын депутаттарға беріледі. Астана, Алматы, Шымкент және 17 облыстың мәслихаттары сайлауында партиялық тізім және бір мандатты округтердің арақатынасы 50/50 болады. Ал қалалық, аудандық мәслихаттар 100% бір мандатты округтер арқылы сайланған депутаттардан тұрады. Осылайша 2004 жылдан кейін елде сайлау аралас жүйе бойынша өтіп жатыр.