Астанада сайлауды шетелдік депутаттар бақылады
Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігі де көңілден шықты. Елдегі саяси науқанды еуропалық депутаттар осылай бағалап отыр. Олар сайлауға байқаушы ретінде келген. Таңертеңнен бері бірнеше учаскені аралады. Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында елдегі сайлауға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе құжаттардың толтырылуы, құпиялықтың сақталуы ұнағанын айтты. Сондай-ақ тұрғындардың белсенділігі де жоғары екенін ерекше атап өтті. Орайы келгенде, Еуропалық депутаттар, Қазақстанның жаңадан жасақталатын Парламентімен бірлесе жұмыс атқаруға да ниетті екенін жеткізді.
Борис Волосатый, Румыния парламентінің депутаты:
- Таңертең сайлау учаскесін аралап жүріп, тұрғындармен сөйлестім. Бір азаматтың айтқан сөзі ерекше әсер қалдырды. Не үшін дауыс бердіңіз деген сұрағыма. Мен демократияға, еркіндікке дауыс бердім деген жауап алдым. Бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Дайындық жан-жақты жүргізілген. Сайлау комиссиясының мүшелері кәсіби екен. Неше түрлі құйтұрқы сұрақ қойсам да, бәріне жауап бере алды. Қазақстан демократиялық әлемге нық қадам жасауда.
Сайлау — Қазақстандағы саяси реформаның көрінісі
Сондай-ақ байқаушылар қатарында Аустрия мемлекетінің өкілдері де бар. Олардың пікірінше Қазақстанның трансформациялық әлеуеті зор. Бұл сайлау да сол өзгерістің бір көрінісі. Аустрия еуропалық саясат институтының өкілі Мартин Сайдиктің сөзінше, шетелдік байқаушылар Жаңа Қазақстанға қызығушылық танытып отыр. Мұны іске асырылған реформалардың жемісі деуге болады.