ҚР ОСК Мәжіліс сайлауының нәтижесін жариялады
Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының нақты нәтижесін шығарды.
«Amanat» партиясына 3 млн 431 мыңнан астам адам дауыс берген. Бұл саяси науқанға қатысқан сайлаушылардың шамамен 54 процентін құрайды. Палатада 40 депутаттық мандатқа ие болды. Екінші орында – «Ауыл» партиясы. Аталған саяси ұйымды 700 мыңға жуық адам таңдаған. Шамамен 11 процент дауыс және 8 мандат. Үшінші сатыда - Respublica партиясы. 8,6 процент дауыс және 6 мандат. «Ақ жолға» да 6 мандат бұйырды. Қазақстан халық партиясында 5 мандат, тағы ЖСДП-да 4 мандат. Жасылдар партиясы «Байтақ» жеткілікті дауыс жинай алмай, Мәжіліске өте алмады. Ал "барлығына қарсымын" деп дауыс бергендердің үлесі 4 процентке жуықтайды.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Саяси партиялардың басшылығы назарына - депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін, саяси партияның басшы органы партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасынан сайлау қортындысы жарияланған күннен бастап 10 күннен кешіктірмей айқындайтынына аударамын. Депутаттық мандаттарды бөлген кезде 3 санат өкілдерінің: әйел, жас, мүгедек саны жиынтығында партия алған депутаттық мандаттардың кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.