Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы көлемі артады
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы 1 қыркүйектен бастап 14,5%-ке артады. Президент Үкіметке осындай тапсырма жүктеді.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі санатына кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Асыраушысынан айырылған азаматтар да назардан тыс қалмауы керек, - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді. Былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы көтерілді. Қазір оны жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады.