Ә. Смайылов Жезқазғандағы стратегиялық маңызды нысандарды аралады
Жезқазған мен Қызылорданың арасына ақыры жол түсетін болды. Ұлытау облысына қарасты 208 шақырымында көп ұзамай құрылыс басталады. Жоба құны 130 млрд теңге. Қазір мердігерлер кім болады? Сол анықталып жатыр.
Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайловтың өңірге сапары кезінде айтылды. Үкімет басшысы аймақтың дамуына тікелей әсері бар бұл жобаның сапалы жүзеге асырылуын қатаң қадағалауды тапсырды. Әлихан Смайлов Жезқазғанның өз басында стратегиялық маңызды нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлытау облысы республиканың 5 өңірімен шектеседі. Аумағы жағынан да аймақтар арасында алдыңғы бестікте. Бірақ сол көршілес облыстармен араны жалғайтын автожолдың сапасы сын көтермейді. Әсіресе Қызылорда бағытындағы жолдың жағдайы нашар. Жол азабын тартқан ағайынның тілегі алдағы бірер жылда орындалатын болды.
Сұңғат Рақымжанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлытау облыстық филиалының директоры:
- 31 наурыздан бастап тендер жүргізіліп жатыр. Жол 8 учаскеге бөлініп, биыл жөндеу жұмыстарын бастаймыз ба деп отырмыз.
Жалпы, облыста республикалық маңыздағы 961 шақырым жол бар. Оның 355 шақырымы Қарағанды облысымен жалғайды. Оның да тозығы жеткен. Қайта жаңғыртуға сметалық құжат әзірленіп жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл жолды іске қосатын болсақ, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын. Ал Жезқазған-Қарағанды жолы бойынша қосымша пысықтаймыз. Көзін тауып, жұмыстар жасауымыз керек.
Егер тиісті министрлік тарапынан рұқсат берілсе, 2026 жылы Жезқазған мен Сәтбаев қаласына қатар қызмет көрсететін жылу электр орталығының құрылысы басталады. Қаржы құюға дайын инвестор да бар. Әлихан Смайылов жаңа орталық пайдалануға берілгенше қолда барды жаңғыртуды тапсырды. Себебі Жезқазған жылу орталығы өткен маусымды әупіріммен өткерді. Бірнеше мәрте апат болып, небәрі екі-ақ қазандықпен қалған күндер болған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Кезекті жылыту маусымында өткен жылғы мәселе қайталанбас үшін қазірден әрекет жасаңыздар. Орталықтың тұрақты жұмыс жасауы үшін тиісті инвестиция салыңыздар.
Жезқазған халқы ауызсудың жартысын ашық су қоймасынан тұтынады. Қарапайым әдіс арқылы сүзілетін судың сапасы төмен. Сондықтан былтыр су тазалаудың ең озық технологиясы бойынша жұмыс жасайтын кешеннің құрылысы басталды. Жобаның екінші кезеңі Үкімет тарапынан қолдау тауып, 6 млрд теңге бөлінді.
Мәруа Келмағанбетова, Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл жерде мемброналық технология қолданылатындықтан, барлық қондырғылар, жабдықтар Еуропа елдерінен әкелінеді.
Суды тазалап ішу мәселені шешпейді. Халық сапалы жерасты суын талап етіп отыр. Ол су қаладан 50 шақырым қашықта. Жеткізетін құбыр шіріп тұр. Жаңартуға 16 млрд теңге қажет.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жезқазған қаласын сумен қамтамасыз ету мәселесі ол Үйтас–Айдос су құбыры бойынша. Қазір сіздердің өтініштеріңіз біздің Қаржы министрлігінде қаралып жатыр. Жалпы, біз оны қолдаймыз.
Жезқазғанда көптен бері жаңа құрылыс болған жоқ. Бас жоспармен танысқан Премьер-министр «қала облыс орталығы деген атқа лайық болуы керек» деп, осы бағытта бірқатар тапсырма жүктеді. Сапар соңы Сәтбаев қаласында жалғасты.
Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.