А. Көлгінов Қызылорда облысы жастарының ұсынысын тыңдады
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында жастармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Басқосуда мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктері туралы сөз болды. Вице-премьер жастардың ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді.
Жастарға 2,5%-пен 5-7 жылға, 5 млн теңге несие беріледі. «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» бағдарласы жалғасады. Дегенмен мемлекеттік қолдаулардың кейбір тетіктерін жетілдіру туралы ұсыныстар да бар.
Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Жаңа сіз айттыңыз ғой, «Дипломмен ауылға» қандай кемшіліктер бар екенін. Соны жетілдірейік. Өңірлерде 3,5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе ауылдық елді мекендерде. Бізде 4 мыңнан астам дәрігер жетіспейді.
Алтай Көлгінов өңірлердегі жастар бастамаларын да ел көлемінде насихаттау қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Жаңақорғандағы игі шара үлгі етілмек.
Наурызбай Орынбасаров, Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
- «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры жұмыс жасайды. Аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бойынша 9 отбасыға үй берілген. 10-шы баспананың құрылысы бітуге жақын.
Жастарды толғындырған өзекті мәселе – тұрғын үй алу. Аймақ басшысы бұл тұрғыда жүйелі жоспардың қолға алынғанын атап өтті.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Бұрын жастарды қолдауға 500 млн-ға жуық қаражат бөлінсе, биыл соны 2 млрд теңгеге жеткіздік. 4 есеге. Оның ішінде өзіңіз атап өткен тұрғын үй мәселесі. Биыл жүздің үстіндегі жастарымызды тұрғын үймен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз.
Кездесу барысында жастардың ұсынысына сай облыс орталығынан оқушылар сарайы, неке сарайы және өнер ортылығының салынатыны белгілі болды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин,Айтмухамбет Байдулдаев.