Алматыда 5 өнеркәсіп паркі ашылды
Алматыда газбен жүретін 600 автобус пен 100 троллейбус сатып алынады. Оған 66 млрд теңгеден астам қаражат бөлінбек. Бұдан бөлек, жеке тасымалдаушылар өз паркін 650 жаңа автобус және 31 электробуспен толықтырады. Мұны қала әкімі айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Ерболат Досаев мегаполистің биылғы бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Осы жылы 3 мың шағын және орта бизнес жобасына 43 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсімді қамтамасыз ету үшін 5 шағын өнеркәсіп паркі ашылды.
Әкім «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі ортамерзімді перспективасы» жөнінде баяндады. Жол инфрақұрылымын жаңғырту жайы да айтылды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.