Қазақстан мен Әзербайжан Қорғаныс министрлері кездесті

Астанада Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов елімізге ресми сапармен келген Әзербайжан Қорғаныс министрі Закир Гасановпен кездесті.

Тараптар екіжақты қатынастар бойынша пікір алмасып, ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мәселелерін талқылады. Әскери-техникалық әріптестік, жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шараларын өткізу, кадр даярлау мәселелері жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ қорғаныс ведомстволарының өзара іс-қимылына қатысты өзге де мәселелер қаралды. Әзербайжанның әскери делегациясы Астанадағы әскери кадрларды жоғары оқу орнынан кейінгі даярлауды жүзеге асыратын Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Алда Алматыдағы Құрлық әскерлері Әскери институтына да барып,қазақстандық курсанттардың оқу үдерісімен танысады. Оларға болашақ офицерлерді атыс дайындығына, жауынгерлік машиналарды жүргізуге сапалы оқытуға арналған арнайы тренажер кешендерінің мүмкіндіктері көрсетіледі.