Орталық Азияның ертеңі не болмақ?

Ресей мен Қытай арасындағы Орталық Азияның болашағы қандай?

Бұл тақырыпты Вашингтонда халықаралық сарапшылар талқылады. Еуразиядағы геосаяси жағдай Орталық Азияның жаһандық экономикадағы маңызын арттыра түсті. Сондықтан батыс елдері бес мемлекеттің дербес экономикалық дамуына барынша қолдау білдіруі керек дейді американдық сарапшылар.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Санкциялық қыспаққа түсіп, экономикалық тұрғыдан Ресейдің әлсіреуі Қытайдың Орта Азиядағы ықпалын арттыра түсуге сеп болады. Ұлы Жібек Жолын жандандырып, инфрақұрылымға, аймаққа инвестиция құйып жатыр. Ал арзан несие дамушы елдерге аса қажет. Экономикасы қуатты Қытайға да арзан шикізат керек. Бір ғана мысал, қазір Түрікменстан газының 75 процентін Қытай өндіреді екен.

Уэсли Хилл, Халықаралық салық және инвестиция орталығының  менеджері:

- Қырғызстан мен Тәжікстанда Қытайдың ықпалы артты. Себебі инфрақұрылымдық жобаларға қомақты ақша салынуда. Бірақ қарыздың өсуі үлкен мәселе болуы мүмкін. Түркіменстан Қытаймен байланысында өзінің экономикалық тәуелсіздігін жоғалтып жатыр. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Өзбекстан мейлінше бейтарап жолды ұстанып отыр. Олар да Қытай қаржысын пайдасына жартып жатыр. Бірақ қытайлар қалағандай соншалықты көп емес.

Себатьян Пейруз, Дж. Вашингтон университеті Еуропа, Ресей және Еуразияны зерттеу институтының сарапшысы:

- Импорт пен экспорт арасында баланс болуы тиіс. Қазір ОА елдері экспортының 80-85 пайызы негізінен шикізат. Ал Қытайдан сатып алатын тауардың 80-90 пайызы керісінше дайын өнімдер. Бұл аймақтағы шағын бизнестің өркендеуіне кедергі келтіреді.

Ал бұған дейін Орталық Азия елдері өндіріске қажет тауарларды, соның ішінде ауыр машина құрылысы мен химия саласындағы заттарды Ресейден сатып алатын. Соңғы жылдары санкциядан көз ашпаған көршіміздің  аймақ экономикасындағы рөлі әлсіреді. Бұл үрдіс әлі де күшейеді, дейді сарапшылар. АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергетика жөніндегі көмекшісі Джеффри Пайетт ресми Мәскеу санкциялық құрсаудан оңай құтылмайды, деп отыр.

Джеффри Пайетт, АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергетика жөніндегі көмекшісі:

- Бюджетінің негізгі бөлігін мұнай мен газдан алатын Ресейдің  бұл саладан түсетін пайдасы халықаралық энергия агенттігінің болжауынша 2030 жылға дейін елу пайызға азаяды. Біз европа елдерінің энергетикалық тәуелділігі туралы көп айтамыз. Бірақ, Ресейдің де Европа нарығына байланғанын ескеру керек. Енді олар бұл нарықтан мүлдем айырылды. Соғыс аяқталса да энергетика саласындағы батыс бизнесі Ресей нарығына қайта оралмайды.

Ресей мен Қытай арасындағы Орталық Азияның болашағы туралы сарапшылар жиынында Қазақстан ұстанымын елші Ержан Ашықбаев жеткізді. Еліміз әрқашан достық пейілдегі мемлекеттермен байланыс арттырып, көп векторлы саясатты жалғастырады. Сарапшылар да осы бағытты ұстанған елдің ұтылмайтынын айтып отыр.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Еуразиядағы геосаяси жағдай Орта Азияның әлемдік экономикадағы маңызын арттырды. Сондықтан батыс елдері аймақтағы мемлекеттердің дербес экономикалық дамуына барынша қолдау білдіруі керек, дейді сарапшылар. Ең бастысы, жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін аймақтық ынтымақтастықты тереңдете түсу маңызды.