Әлихан Смайылов Шавкат Мирзиёевпен кездесті

Ташкентте Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев кездесті. 

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі екенін атап өтті. Жоғары деңгейде болған келіссөздер кезіндегі уағдаластықтарды іске асыруды Үкіметтер ерекше бақылауға алмақ. Сонымен қатар Премьер-Министр ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия отырысының қорытындысы туралы хабардар етті. Онда  өзара іс-қимыл мәселелері егжей-тегжейлі талқыланып, жаңа инвестициялық және кооперациялық жобаларды іске қосу жөніндегі жұмысты жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Кездесу кезінде қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салудың маңызы да айтылды.