Қазақстан мен ЕО ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басып жатыр
Қазақстан мен Еуропалық Одақ екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындамақ.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Брюссельге жұмыс сапары барысында белгілі болды. Кездесуде Одақтың Сыртқы саясат басшысы Жозеп Боррель елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастың тұрақты дамып келе жатқанын сөз етті. Еуропалық инвестицияның ұлғайғанын атап өтті. Әріптестікті одан әрі кеңейту үшін бірқатар шараларды қолға алу келісілді. Мұрат Нұртілеу президенттің тапсырмасымен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Жозеп Боррель мен Еуропалық кеңестің басшысы Саймон Мордюді «Достық» орденімен марапаттады.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Қазақстан мен Еуропалық Одақ екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басып жатыр. Тараптар барлық қарым-қатынасты күшейтуге ниетті. Көлік пен логистика саласына ерекше мән беріледі. Оның ішінде «Орта дәліз» жобасын дамыту көзделген. Осы аптада Алматыда Еуропалық Одақ-Орталық Азия экономикалық форумы өтеді. Жиында Еуропаның қайта құру және даму банкі осы саладағы ынтымақтастыққа қатысты зерттеулердің қорытындысын жариялайды.
Басқосуда Одақтың Ішкі істер жөніндегі комиссары Ильва Йохансонмен бірге қазақстандықтарға виза ережесін жеңілдету мәселесі талқыланды. Мұрат Нұртілеу еурокомиссарды еліміздің виза саясатымен және заңсыз миграциямен күресу үшін қолға алынған шаралармен таныстырды. Қазақстан тарапынан Одаққа миграциялық қауіптің жоқтығын жеткізді.