Қошанов Әзербайжанда Гейдар Әлиевтің 100 жылдық мерейтойына қатысты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Әзербайжан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған жиынға қатысты.
Бауырлас елде Милли Меджлистің арнайы отырысы өтіп, отыздан астам мемлекеттің Парламент өкілдері мен түрлі ұйым мүшелері қатысты. Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов кездесу келгендерге және барша Әзербайжан халқына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жетікізді. Гейдар Әлиевтің бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуындағы орасан зор роліне назар аударды. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы биыл сәуір айында Астана қаласында Гейдар Әлиев атындағы жаңа көшенің салтанатты ашылу рәсімі өткенін де ерекше атап өтті. Бұл іс-шараға Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері қатысқан болатын.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- 2023 жыл Гейдар Әлиев жылы деп жарияланды. Бұл айтулы дата Әзербайжанда және әлемнің басқа да елдерінде кеңінен аталып өтілуде. Қазақстан да бұл мерейтойға ат салысып жатыр. Биылғы сәуір айында Астанада Гейдар Әлиев атындағы жаңа көшенің ашылу салтанаты болды. Бұл іс-шараға Қазақстан мен Әзербайжан лидерлері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қатысты. Осындай қадамдар арқылы халықтарымыздың достығы да нығая бермек.