Мемлекеттік қызметші халыққа адал қызмет етуі керек
Егер ел сенімінен бір айырылса, одан кейін жасаған істің барлығы зая болмақ.
Бұл «Меритократия. Парасаттылық. Инновациялар» атты конференцияға қатысушылардың пікірі. Астанада кешеден бері мемлекеттік басқарудың бүгінгі ахуалын, келешек дамуы мен мәселелері талқылаған халықаралық конференция өтіп жатыр. Бүгінгі күн сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен қызмет этикасындағы озық тәжірибелерге арналады. Айта кетейік, жыл сайын өтетін іс-шараға биыл 30 ел өкілі қатысып отыр. Ертең – конференцияның соңғы күні цифрландыру және мемлекеттік басқару үлгілері жан-жақты қарастырылады.
Драго Кош, ЭЫДҰ халықаралық іскерлік операциялардағы парақорлық жөніндегі жұмыс тобының экс-төрағасы:
- Қоғамда мемлекеттік қызметшінің жалақысын көтеру арқылы сыбайлас жемқорлықты жоюға болады деген пікір қалыптасты. Қазір көп елде жалақыны көтеруге күш салынып отыр. Алайда, бұл әдіспен коррупцияны түбегейлі жою мүмкін емес. Жалақы төмен болғаны да дұрыс емес. Адам өзіне қосымша табыс көзін іздейді. Сол кезде қылмысқа баруы мүмкін. Бар мәселе адамның өзіне байланысты. Ашкөз адам ештеңеге тоймайды. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің адалдығына ерекше назар аудару керек.