Қ.Тоқаев: Алғыр жастар – Қазақстанның келешегі
Заманға сай білім алған балалардың болашағы да жарқын.
Алғыр жастар – Қазақстанның келешегі. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда мектеп оқушыларымен кездесуінде осыны айтты.
Президент жаңадан ашылған балалар инновациялық шығармашылық орталығына барып, нысанды көрді. Мемлекет басшысы сондай-ақ алып шаһардағы қоғамдық көлік қатынасына да көңіл аударды.
Балалардың инновациялық шығармашылық орталығы «Шұғыла» шағын ауданында орналасқан. Қаланың шеткі аумағы саналатын мұнда бұрын-соңды бірде-бір оқушыларды дамыту мекемесі болмапты. Сондықтан жергілікті жеткіншектер дән риза. Тіпті мұғалімдері де қуанып жүр. Президентті көре сала олар да жаңа орталықтың тың технологияларын таныстыруға асықты.
Меруерт Жеңісова, үйірме жетекшісі:
- Бұл – авиамоддельдеу үйірмесі. Мұнда оқушылар сызбаларды оқиды. Модельдерді құрастырады, бағдарламаларды үйренеді. Дрондарды ұшырады. Мұнда жалпы 15-тен астам мынадай дрон бар. Оларды бағдарламалауға арналған жиынтықтар бар. Сондай-ақ мынадай ұшақтардың модельдерін жасауға арналған материалдар және станоктар бар. Осы арқылы ұшақтың корпусын модельдеуге болады. Нағыз шығармашышылық жұмыс қой мынау.
Мұнда тіпті соңғы кезде пайда болған жасанды интеллект жасауға үйрететін кабинеттер де бар. Жалпы орталық ғылыми-техникалық, шығармашылық-эстетикалық және экология-ботаникалық бағытта жұмыс істейді. Алғашқылары түсінікті. Ал соңғысы өте қызық. Мұнда арнайы кабинеттерде балаларды жастайынан қоқысты қайта өңдеуге баулиды.
Бұдан бөлек, мұнда психолог, дефектолог, логопед кабинеттері де жұмыс істейді. Сондай-ақ 300 орындық көрермен залы, медиакөрме, интерактивті ойын және коворкинг алаңдары бар. Бастысы, заман талабына сай жаңа білімдерді меңгеруге мүмкіндік көп.
Ақбота Баймахан, оқушы:
- Сіз жиі айтып жүретін баламалы энергия көздерін біз зертханада зерттейміз. Компьютердегі нұсқаулықтарға қарай отырып құрастырамыз. Сонымен қатар вертикальды және горизонтальды жел турбиналары бар. Күн батареяларын біз модельдеп алып, жаңартылған энергиядан электр энергиясын алуды үйренеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы жаңартылған энергия деген – өте өзекті мәселе. Онымен айналысу керек. Біз бұл мәселеге аса назар аударамыз. Сондықтан бұл мәселенің болашағы жарық деп айтуға болады. Баршаңызға табыс тілеймін. Әрқашан да аман болыңыздар.
Президент барған келесі нысан – Алматыдағы қоғамдық көліктерді басқаратын диспетчерлік орталық. Мұнда 160 бағытта қатынайтын қаладағы мыңдаған автобустың қозғалысы жеке-жеке онлайн режимде бақыланады. Қалалық әкімдік қазір қоғамдық көлік қатынасын одан әрі дамытуды көздейді. Себебі кептелістен құтылудың бір жолы – осы.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Жалпы соңғы 8 жылдың ішінде жаңа аудандардың қосылуы есебінен Алматы қаласының аумағы 2 есеге дейін ұлғайыпты. Сәйкесінше көлік те көбейген. Ал бұл жүріп-тұруды қиындатады. Қалалық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, мегаполис көшелерімен күн сайын 460 мыңдай көлік жүйткіп жүреді. Бұл – тек шаһардың ішіндегілері. Қала маңындағы қозғалыс та аз емес. Тәулігіне 230 мың темір тұлпар ары-бері қатынайды.
Кептелістің көптігінен болар алматылықтардың жартысынан астамы қазір қоғамдық көлікті пайдаланады. Ал бұл – 1 млн-нан аса адам. Сондықтан Президент қаладағы қоғамдық көлік жүйесін одан әрі жетілдіріп, оны халыққа барынша ыңғайлы етіп жасауды тапсырды.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Марат Диханбаев, Айдос Ентебеков, ПТРК көмегімен.