Тоқаев Ердоғанды ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Анкараға барды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркияға келді.
Президент бүгін Ердоғанның ұлықтау рәсіміне қатысады. Жалпы бұл шараға қай елдің басшылары қатысады? Бүгін ұлықтау рәсімінен бөлек тағы қандай шаралар өтеді?
Меруерт Қанағат, меншікті тілші
- Жаңа ғана президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайип Ердоғанның шақыруы бойынша Анкараға жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы бірер сағаттан кейін Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанды салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысады. Оған әлемнің 78 елінен жоғарғы лауазымды кісілер келген. Оның 21-і президент, 13-і үкімет басшысы, министрлер, НАТО, Ислам ынтымақтастық ұйымы өкілдері, бастысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары түгел төбе көрсетпек. Президенттік сайлауда 27 миллион 834 мың 589 дауыспен жеңіске жеткен Ердоған мандатын жергілікті уақытпен 15:00-де Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің уақытша төрағасы Девлет Бахчелиден алмақ. Рәсімнен кейін сағат 16:00-де Ататүріктің жатқан жері Аныткабир барумен жалғастырып, Ердоған сағат 18:00-де Президенттік кешендегі «Ұлықтау рәсіміне» қатысады. Бештепе резиденциясына келген Ердоғанды атты әскерлер қарсы алады. Әскери шеру барысында 101 рет зеңбірек атылады. Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл. 101-де Ердоғанның кезеңін бастағанын меңзесе керек.
Ұлықтау рәсімінен кейін президент Ердоған сағат 20:00-де Чанкая сарайында шетелдік қонақтар құрметіне кешкі ас береді. Кешкі астан кейін президент Ердоған жаңа кабинет мүшелерін жариялайды деп күтілуде.