Мемлекет басшысы белгілі экономист Нуриэль Рубиниді қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі америкалық экономист, Нью-Йорк университетінің профессоры, Roubini Macro Associates консалтинг компаниясының директоры Нуриэль Рубиниді қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кездесуде жаһандық қаржы нарығындағы негізгі үдерістер талқыланды. Экономист Астана халықаралық форумына әлемдегі сын-қатерлер туралы ойын ортаға салу үшін арнайы келген. Президент Нуриэль Рубиниге ризашылығын білдірді.
Нуриэль Рубини, Roubini Macro Associates компаниясының директоры:
- Президентпен кездескеніме өте қуаныштымын. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Мен өзімнің кітабымды таныстырдым. Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Осы ушыққан жағдайды оң шешуі үшін барлық елдер жұмыла әрекет етуі қажет. Бұл тұрғыда Қазақстанға зор міндет жүктеліп отыр. АҚШ, Еуропа мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуда Қазақстанның ролі ерекше.