Президент қазақ жері шетелдіктерге сатылмайтынын айтты
Қ.Тоқаев: Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген қауесетке тоқталды. Бұл – жалған ақпарат. Президент бабалар аманатына әрдайым адал болатындығымзды, шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейтіндігімізді, оны көздің қарашығындай сақтайтындығымызды қадап айтты. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек, - деді Мемлекет басшысы.
Шекаралас үш аудан қайта қалпына келтіреледі
Елде шекаралас 3 аудан қайта қалпына келтіріледі. Нақтырақ айтқанда, Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары жеке-дара бөлінеді. Тиісті шешімді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырды. Бұл жайында Президент бүгін Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында мәлімдеді. Оның сөзінше, қажетті есеп-қисап жасау, бюджеттің мүмкіндігін қарау сынды тиісті жұмыстар биыл аяқталады. Кейін алдағы 2 жылдың ішінде осы 3 ауданды қалпына келтіру ісі басталады. Шекаралас аудандарды жаңғырту – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарағанда өте маңызды мәселе. Сондықтан оны көпке созбай, тез арада шешу қажет, - деді Президент.