Қостанай облысының әкімі есеп берді
Биыл Қостанайдың Оңтүстік аудандарын абаттандыруға 23 миллиард теңге бөлінген.
Жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау желілерін жаңарту, 10 жаңа мектеп тұрғызу жоспарланған. Оның 8-і "жайлы мектеп" жобасы бойынша салынады.
Биыл Қостанай облысының оңтүстік аудандарын абаттандыруға екі жарым есе көп қаражат бөлінген. Қаржыландыру негізінен су құбырларын жөндеуге жұмсалады. Арқалықта 300 орындық мектеп салынып ал жолдарды жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Оңтүстік өңірлерді дамыту үшін, биыл Арқалық қаласынан Астанаға шығатын жолды жөндеу басталады. Бұдан басқа, Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарының шағын және орта бизнес субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасын бекіттік. Бұл дегеніміз, бағдарламаға қатысушылар жылына 1% ставкасымен несие ала алады.
Кредиттер көбінесе өңдеуші өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларына берілетін болады. Сондай-ақ аталған аудандарда әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Сумен қамтамасыз етуге 16,5% өсіммен, 22 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 43 ауылды сумен қамту және жақсарту жоспарлануда. Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 80,4%-тен 87,0%-ке дейін артады.
Қостанайдың дамуына "Жезқазған-Петропавл" Республикалық маңызы бар автожол учаскесіне жөндеу жұмыстарын жасау серпін беруі тиіс. Өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 6 жарым млрд теңге бөлінеді. Бағдарламасы аясында 57 ауылдық елді мекеннің 118 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.