Қ.Тоқаев Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысты
Былтыр Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-саттық көлемі 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жетті.
Бұл туралы Қазақстан-Германия бизнес-форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы, бүгінде Германия компаниялары біздің экономикамызға шамамен 6 миллиард доллар инвестиция құйғанын атады. Бұл инвестицияның шамамен 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі. Елімізде неміс капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі – әлемге әйгілі брендтер. Ал басқалары – орта деңгейдегі отбасылық бизнес
Қазақстан Германияның, тіпті бүкіл Еуропа елдерінің индустриясына қажет табиғи ресурстарды игеруде сенімді серіктес болуға дайын. Штайнмайер мырзамен кездесу барысында табиғи ресурстарды бірлесіп барлау және игеру ісіндегі ынтымақтастығымызды нығайтуға келістік. Бұл Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімге тың серпін береді.
Сонымен қатар Президент көлік және логистика салаларында өзара тиімді ынтымақтастық үшін мүмкіндік мол екенін айтты. "Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің ел аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты" деді президент. Былтырдан бері Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артқан. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қазақстаның Германиямен инновация және цифрландыру, адами капиталды дамыту салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.